From Wikipedia, the free encyclopedia
Эйфель мұнарасы (фр. Tour Eiffel) — Париждің ең танымал сәулеттік туындысы. Өзінің әйгілі құрастырушысы Густав Эйфельдің атымен аталған. Париждің бұл нышаны уақытша ғимарат ретінде, 1889 жылғы әлемдік көрменің кіреберіс дарбазасы қызметін атқару үшін жобаланып, салынған болатын.[1] Манхеттендегі Крайслер салынғанға дейін 40 жыл бойы әлемдегі ең биік мұнарасы болып саналды.
Teletex Holіday тур фирмасы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, әлемнің 7 кереметінің ішінде Эйфель мұнарасы екінші орында тұр. Осы уақытқа дейін мұнараның үшінші қабатына 200 млн адам көтерілген. Ол бүгінде Францияның символына ғана айналып қоймай, жылына 53 миллион еуро әкелетін үлкен табыс көзіне айналды. 2007 жылы Эйфель мұнарасының 120 жылдық мерейтойы аталып өткен болатын. 2005 жылы осы мұнараның астына су қатырылып, мұз айдыны жасалынды.[2]
Эйфель мұнарасын Марс алаңында құрастыруға екі жылдан астам уақыт кеткен. Сол кездегі ең биік деп саналған Хеопс пирамидасы (137 м), Кельн шіркеуі және Ульм шіркеуінен (167 м) екі есе биік болған.
Францияның символына айналған Эйфель мұнарасының биіктігі – оның құзар басындағы антеннасымен қоса есептегенде 322 метр. Ал салмағы он мың тонна. Алып мұнара үш бөліктен тұрады. Ең үстінде орналасқан үшінші бөлім 274 метр биіктікте орналасқан. Оның төбесіне не лифтімен, не 1792 баспалдақпен жаяу көтерілуге болады.
Кезінде Гитлер Францияны басып алғаннан кейін Эйфель мұнарасына шығуға келеді. Сол кезде лифті істемей қалып, ол 1792 баспалдақпен жаяу көтерілген деген аңыз бар.
Мұнараны бір мезгілде 10,400 адам аралай алады. Оған жылына 6 миллион адам көтеріледі.
Оның атын өзін жасап шыққан конструкторы Густав Эйфельдің құрметіне қойған. Эйфельдің жобасы 700 жобаның ішіндегі ең үздігі деп танылып, конкурсты жеңіп алады.
Густав Эйфель «Бостандық статуясының» темір құрылысын ойлап тауып жасаған, кейіннен оны Франция Америкаға сыйға тартты. Бүгінде ол АҚШ-тың символына айналып шыға келді.
Алып мұнара француздардың туындай үшке бөлінген. Алғашында оның бірінші қабатында мейрамханаға қажет бөлмелер, екінші қабатында лифтіні көтеруге арналған су қоймасы мен әйнек галереясындағы мейрамханалар орналасады. Ал үшінші қабатында астрономиялық және метеорологиялық обсерватория және физика кабинеті болған.
Эйфель мұнарасының бірінші бөлігі – 57 м биіктікте, екінші бөлігі – 115 м, ал үшіншісі – 274 м биіктікте орналасқан. Бүгінде оның әрбір қабатында барлар мен мейрамханалар және бақылау алаңдары бар. Оның ең үстіңгі қабатында маяк орналасқан. Оған түскен прожекторлардың жарығы 70 шақырым жерден көрініп тұрады. Мұнара басында физиктер жердің тартылыс күшінің принциптерін зерттеген, теңізшілер уақытты айырған. Оның төбесінен 140 шақырымға дейінгі аймақты шолуға болады.
Кезінде Ги де Моппасан Эйфель мұнарасын «құбыжық қаңқаға» теңеген. Ол оны жек көргені сондай, француз элитасын оған қарсы қойып, оны қайтадан құлатып тастауға атсалысқан. Француз жазушысы:
«Мен Эйфель мұнарасын көрмес үшін Эйфель мұнарасының ішінде отырып, мейрамханада тамақтанамын. Өйткені бұл мұнараның Парижден көрінбейтін жері өзінің іші ғана болып тұр»,
– деген.
Мұнараны тот басудан сақтау мақсатында әр жеті жыл сайын бояу жұмыстары жүргізіліп, 50-60 тонна сыр кетеді.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.